Кафедра Механики

Кафедра тарихынан

         «Механика» кафедрасы Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төл туындысы. Кафедраның негізінің қалануы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алуының 15 жылдық, университеттің 10 жылдық мерей тойларымен  сәйкес келді.
13.10.2006 жылы «Механика» кафедрасы университеттің жеке құрылымдық бөлімі ретінде математика және ақпараттық технологиялар факультетінің  шаңырағында бой көтеріп, іргетасы қаланды.  Еуразия ұлттық университетіндегі механика кафедрасының ашылуына бастамашы болған, әрі осы істі үлкен қажырмен жүргізген белгілі ғалым сол кездегі және қазіргі факультет деканы Нұрболат Жұмабекұлы Жәйшібеков  болды. Оның бұл бастамасына университеттің сол жылдардағы ректоры, профессор Сәрсенғали Әбдіғалиұлы Әбдіманапов барынша қолдау көрсетті. Сонымен бірге кафедраның алғашқы жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Ғ.Б.Шерьязданов, А.Ж.Қалтаев бастаған «Механика» кафедрасының ұжымы көптеген оқу-әдістемелік және ғылыми бағыттағы көмектерін аяған жоқ.

         Міне, содан бері сынаптай сырғыған он жыл да өте шықты. Кафедраның он жылдық мерейтойы қарсаңында осынау ұжымның әр жылдардағы шежіресіне ой жүгірте отырып, өткенді еске алуды өзімізге борыш санаймыз. Кафедра тарихында өзіндік із қалдырып, шәкірттерге сапалы білім, тағылымды тәрбие берген ұстаздар Е.С.Темірбековтің, М.У.Исмагамбетовтың, Ю.В.Гривезирскийдің есімдерін әрқашан да құрметпен еске аламыз.

         Қазақстанда болып жатқан білім реформаларына сай механика кафедрасы да жаңару мен жаңғырудың сан түрлі өткелдерінен сүрінбей өтіп, заманауи оқу-әдістемелік, ғылыми-техникалық базасы қалыптасқан іргелі білім беру саласының біріне айналды. Қазір механика кафедрасы жыл сайын қанатын қатайтып, керегесін кеңге жаю үстінде. Заман талабына сай механика бакалавриатын дайындаумен ғана шектелмей, 2010 жылдан бастап механика магистрлерін оқытуды  жаңадан қолға алып, көкжиегін одан әрі кеңейте түсті. Қазақ, орыс тіліндегі механика мамандарын дайындап қана қоймай, болашақ мамандардың ғылыммен айналсуына да мол мүмкіндіктер ашып отыр.

         Университет басшылығының механика кадрларын дайындау үрдісіне ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсетуі сөз жоқ кафедраның болашағына үлкен кеңістік ашып, оның қалыптасуы мен дамуына жақсы ықпал етуде. Кафедраның оқытушы-ұстаздарының ғылыми потенциалы да жыл өткен сайын артып келеді. Кафедраны шет елдерде де дәріс берген тәжірибелі ғалым Асқар Ғазиханұлы Ибраев 2011 жылдан бері басқарып келеді. Қазіргі таңда кафедрада профессорлар Н.Ж.Жәйшібеков, Қ.С.Кишауов, С.М.Ахметов, М.И.Қасабеков; доценттер Ш.Тұяқбаев, С.Дүзелбаев, М.Д.Алимжанов, Б.О.Бостанов, Д.Ж.Мұхамбеталина, Б.Ә.Берсүгір, А.Б.Қалиев; аға оқытушылар  Ж.Ж.Исенова, Г.А.Тукешова және оқытушы Д.Е.Құрманова сынды тәжірибелі ұстаздар дәріс беруде. Өткен жылы кафедра өз мамандығы бойынша қорғаған ғылым докторы, сондай-ақ, ғылым кандидатымен толықты. Осындай игілікті шаралардың оң шешімін табуына унверситет ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың үнемі қамқорлық жасап отырғанын ерекше атап айтқан ләзім.

         Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне интеграциясы білімнің құрылымын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жағдай жасады. Осыған байланысты кафедра оқытудың кредиттік технологиясы бойынша жұмыс жасап келеді. Кафедра оқытушылары аталмыш технология бойынша оқудан өтті және кредиттік оқыту жүйесі бойынша оқу үрдісін әдістемелік жағынан қамтамасыз етуде үнемі жұмыс жасауда.

         Осы жылдары кафедраның ғылыми-педагогикалық және материалдық-техникалық базасын жасақтауда қажырлы жұмыстар жүргізілді. Бұл қазіргі кезеңнің талаптары деңгейінде оқу-тәрбие үрдісі мен интеллектуалдық ізденістерді жүргізуге жағдай жасады. Кафедра доценті С.Дүзелбаевтің материалдар кедергісі, инженерлік механика, техникалық механика бағыттарындағы жазған оқулықтары республика көлемінде үлкен сұраныстар бойынша қолданыс табуда. 2014 жылыдың күзінде кафедраның алдыңғы қатар ұстаздары М.И.Қасабеков пен А.Б.Қалиев Елбасының халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Берлин техникалық университетінде ғылыми тағлымадан өтті. Ғылыми жұмыс гранттық және бастамашыл ғылыми жобалардың тақырыптары аясында жүргізіліп отыр.

         Әрине, бұл жердегі ең басты мәселе Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің механика бөлімін бітіріп шыққан түлектердің білім деңгейі мен мамандықты игерудегі біліктілігі қандай дәрежеде деген сұрақтың болуы әбден заңдылық. Бірден айту керек, 10 жылдық еңбек еш кеткен жоқ. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. ЕҰУ-дың механика мамандығын бітірген түлектерге деген сұраныс республика бойынша жоғары деңгейде. Қазақстанның кез келген мемлекеттік және жеке мекемелерде біздің шәкірттеріміз маңдайалды мамандар ретінде көзге түсіп жүр. Магистратура түлектері М.Омарқұлов, Н.Зейнуллин Назарбаев университетінде, Г.Алушаева «Қазақстан теміржолдары» Акционерлік қоғамында, Ж.Қожақов Көкшетау техникалық институтында жоғары лаузымды қызметтер атқаруда. Республикалық, аймақтық, облыстық деңгейдегі түрлі мекемелерде қызмет жасап жүрген түлектерінің қадамы әрдайым назардан тыс қалған емес.        

         Студенттеріміздің республикалық, халықаралық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларда, түрлі олимпиада мен тренингтерде алып жүрген жүлделері мен жетістіктері өз алдына үлкен әңгіме. Сондай-ақ кафедра оқытушылары студенттердің патриоттық бағытта тәрбие алуларына ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл жердегі ең басты мәселе республика бойынша ҚазМҰУ-дың механика кафедрасына шынайы бәсекелес болуға толыққанды жарап тұрған ЕҰУ-дың механика бөлімінің 10 жылда жеткен осынау жетстіктері – қажырлы еңбек, жемісті ізденістер арқылы келгендігін көрсету ғана.